АСТАНА, 13 қаңтар - Sputnik. Индонезияда өтіп жатқан нысананы көздеуден лицензиялық Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар екі Олимпиада жолдамасын жеңіп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
50 метрлік қашықтықтан нысанаға винтовкамен ату сайысында Александра Ле 7-орынға ие болды. Ал 25 метрден жылдам атылатын тапаншамен сынға түскен Никита Чирюкин іріктеу кезеңінде 584 ұпай жинап, финалға өтті. Осылайша екеуі де Париж Олимпиадасына жолдама ұтып алды.
Айта кетері, бүгінде нысана көздеуден ел қоржынында Париж Олимпиадасының 5 жолдамасы (Ислам Сәтбаев, Арина Алтухова, Константин Малиновский, Александра Ле, Никита Чирюкин) бар. Лицензия спортшының жеке өзіне емес, Ұлттық федерацияға беріледі.