АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Ұлытау облысында "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Жезқазған филиалының қызметкерлері үйді газға қосу үшін ауыл тұрғындарынан ақша бопсалаған, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің ақпаратынша, Қабанбай батыр кенті мен Талап ауылы ұзақ уақыт бойы газ тарату желісінің жабдығына қосыла алмаған. Өйткені "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Жезқазған филиалының басшысы мен бас маманы тұрғындардан 70 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша бопсалаған.
Компания қызметкерлері бұл қаражатты тұрғын үйлер мен шаруашылық объектілерін газдандыру бойынша монтаждау жұмыстарының сапасын тексермей, кедергісіз қабылдау үшін талап еткен.
Былтыр қыркүйекте осы фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Қазіргі таңда ауылдарды газдандыру мәселесі шешілді. Ұлытау облысындағы екі елді мекеннің тұрғындары агенттіктің аумақтық департаментінің қызметкерлері араласқаннан кейін газға қосылды", - деп мәлімдеді ҚМА.
Агенттік өкілеттікті теріс пайдалану, қаржы жымқыру немесе басқа да экономикалық құқықбұзушылық фактілері жайлы "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауды сұрайды. Анонимділікке кепілдік беріледі.