АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Полиция жұмыспен қамту, жылжымайтын мүлік және автокөлік саласында алаяқтық жасаған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өткен жылы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық фактісін анықтаған. Қаскөйлер мұнай компанияларының біріне жұмысқа орналастырып береміз, сондай-ақ автокөліктер мен жылжымайтын мүлікті алып-сатуға көмектесеміз деген желеумен 112 млн теңгеден астам қаражатты иемденген.
"Бүгінде республиканың әр өңірінен 20 адам полицияға арызданды. Ұсталғандардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізілді. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта топтың үш мүшесі қамауда", – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олар ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оны басқарды және оған қатысты деп айыпталуда. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді.