АСТАНА, 4 қаңтар – Sputnik. Таразда қоғамдық көлік тұрақта тұрған 10 автокөлікпен соқтығысты. Салдарынан автобус салонында отырған 56 жастағы жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды Жамбыл облысының полиция департаменті.
Жол апаты 4 қаңтар 10:45 шамасында Төле би даңғылында болған.
№56 бағдарлы автобустың 33 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, тұрақта тұрған 10 автокөлікпен соқтығысқан.
"Жол апаты кезінде автобуста 10 жолаушы отырған. Оның біреуі – 56 жастағы әйел алған жарақатымен қалалық ауруханаға жеткізілді", - делінген хабарламада.
Автобус жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар жасалады.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.