АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Назарбаев жазған кітапқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты кітабы жарық көрді. Онда аса маңызды саяси оқиғалар, ауқымды экономикалық жаңғырулар, күрделі халықаралық келіссөздер, ел басқарған кезде қабылдаған стратегиялық шешімдер туралы баяндалады. Автор жеке сырын жазды. Қаңтар оқиғасына қатысты пайымдаулары да бар.
"Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында Тоқаев осы мемуарға қатысты өз ойын айтты.
"Бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Кезінде бір айтқыш "Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті" деген екен. Нұрсұлтан Назарбаев – бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз мансабын комсомол белсендісі ретінде Хрущев заманында бастап, арада алпыс жылдан астам уақыт өткеннен кейін қызметтен кетті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам", - дейді президент.
Осы орайда мемлекет басшысы мемуар жазуға қатысты сұраққа да жауап берді.
"Мен мемуарларды, публицистикалық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыждағатпен оқимын. Бірақ мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес", - деп атап көрсетті ол.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.