АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Астанада OLX сайты арқылы халықты алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Полицияға арызданған қала тұрғыны OLX сайтында әуе және теміржол билеттері туралы хабарламаны көріп, 10 әуе билетін сатып алған. Осылайша белгісіз біреуге 100 мың теңге аудара салған. Артынан күдіктеніп, бірден полицияға арыз түсірді.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласының 41 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол 2023 жылдың сәуір айынан бері жарнама сайтында билеттерді арзандатылған бағамен сату туралы ақпарат жариялап келген.
Қазіргі уақытта басқа да зардап шеккен адамдардың бар-жоғы анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция департаменті азаматтарға интернет арқылы тауар сатып алу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.
Айта кетері, алаяқтық үшін 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (3 692 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.