АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылар үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алғашқы жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5 процентін құраса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 процентке дейін көтеріледі.
2024 жылы – 1,5%;
2025 жылы – 2,5%;
2026 жылы – 3,5%;
2027 жылы – 4,5%;
2028 жылы – 5,0%.
Осылайша, жұмысшылардың зейнетақы шотына қосымша жарналар түсіп тұрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атап өткендей, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігі болады.
Келешекте зейнетақы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен құралады.
Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары тек 1975 жылы 1 қаңтардан бастап туған азаматтар үшін аударылады. Осы датаға дейін туғандарға қосымша зейнетақы жарнасы төленбейді. Себебі оларда ынтымақты зейнетақы алуға қажетті еңбек өтілі бар.