АСТАНА, 30 желтоқсан – Sputnik. "Жолаушылар тасымалы" компаниясы ауа райының қолайсыздығына байланысты "Астана-Көкшетау" бағытында қосымша электр пойызын шығаруға шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жаңа жылдың алдында көп жерде жол жабылды. Көліктің баламалы түрлерін де пайдалануға мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты қосымша пойыз шығаруға шешім қабылданып отыр.
"Осы жылдың 30 желтоқсанында сағат 17.00-де Астанадан 6831/6832 "Астана - Көкшетау" қосымша электр пойызы жөнелтіледі. Жолаушыларға 390 орын ұсынылады. Кері бағытта пойыз Көкшетаудан сағат 22.35-те жолға шығады", - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі кезде вокзалдар мен пойыздарда жолаушылардың саны күрт көбейді.
Айта кетері, алты облыста еспубликалық маңызы бар автожолдардың 15 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
Ал Астанадан көлікпен шыққан 700-ден астам адам теміржолмен үйге қайтарылды.