Ақмола облысындағы тас жолда 16 көлік соқтығысты – 1 адам көз жұмды

Түрлі жарақат алған 5 адам Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізілді
Sputnik
АЛМАТЫ, 29 желтоқсан – Sputnik. "Астана – Петропавл" автожолында бірден 16 көлік соқтығысты, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апаты 29 желтоқсанда "Астана-Петропавл" автожолының 105 км-де "Гелиос" жанар май құю бекетінің жанында болған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.
"Жол апаты салдарынан 16 көлік зардап шеккен. Оның ішінде 3 "Газель", 4 жүк автокөлігі және 9 жеңіл көлік болған. Өкінішке қарай жеңіл автокөліктің 28 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақат алған 5 адам Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізілді", - деп жазылған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Метеорологтар мен Ақмола облысы ПД қызметкерлерінің ауа райының күрт нашарлағанын бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, көптеген жүргізуші хабарламаларды елемей жолға шығады. Олар өздеріне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді", – дейді полиция.