Биылғы 11 айда экономика 4,9 процентке өсті – Смайылов

Премьер-министрдің айтуынша, биылғы басты сын-қатерлердің бірі инфляция болды
Sputnik
АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Биылғы жылдың 11 айында Қазақстан экономикасы 4,9 процентке өсті. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов "24KZ" телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Жаһандық нарықта қалыптасқан қолайсыз факторларға қарамастан, биыл еліміздің экономикасы тұрақты өсіп келеді. Егер өткен жылды 3,2% өсіммен аяқтасақ, биылғы жылдың 11 айында экономика 4,9%-ке өсті. Ал жыл қорытындысы бойынша осы өсім 5%-ға жақын болады деп болжанып отыр", — деді Әлихан Смайылов.
Экономиканың барлық негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Мәселен, құрылыста өсім 13%, саудада – 11%, байланыс секторында – 8%.
"Экономикалық өсудің негізгі драйвері инвестициялар болып табылады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15%-ға өсіп, 15 трлн теңгені құрады", — деп атап өтті премьер-министр.
Ол президент үкімет алдына инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойғанын еске салды.
"Ол үшін үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, жедел және орта мерзімді іс-шараларды жүзеге асырды. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 9,8% маңайында болады деп күтілуде. Бұл – инфляция екі есе төмендейді деген сөз", - деді үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов үкімет келесі жылы инфляция деңгейін одан ары, яғни 6-8%-ға дейін төмендету жұмысын жалғастыратынын айтты.