Сот Павлодар облысының бұрынғы әкімінен кешірім сұрады

Болат Бақауовқа қатысты ақтау құжаты заңды күшіне енді
Sputnik
ПАВЛОДАР, 27 желтоқсан – Sputnik. Экс-әкім Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істі қараған Павлодар қаласының №2 соты одан ресми түрде кешірім сұрады, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Павлодар облысының бұрынғы әкіміне қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы 25 желтоқсанда күшіне енді. Осыған байланысты Павлодар қаласының № 2 соты оған құқықтарын түсіндіретін хабарлама жіберді.
Заңға сәйкес адамды ақтау туралы шешім қабылдаған орган келтірілген залал үшін одан ресми түрде кешірім сұрауға міндетті.
"Павлодар қаласының №2 соты қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес хабарламаны тапсырды", - деп түсіндірді облыстық сот.
Sputnik Қазақстан агенттігі бұған дейін хабарлағандай, сот жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша прокурордың өтінішін қарап, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовты кінәсіз деп тапты.
Еске салайық, Бақауов 2020 жылы 16 қаңтарда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын.
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов кінәсіз деп танылды