АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда ешқандай қос билік жоқ. Бұл туралы мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халықтың алаңдауына негіз жоқ. Бүгінгі таңда елімізде ешқандай қос билік жоқ, болуы да мүмкін емес. Бүгінгі күні барлық шешімді халық басым көпшілікпен сайлаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қабылдап отыр", – деді Қошанов мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Спикер экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік істерге араласпайтынын атап өтті.
"Оның кездесулері немесе өткізіп жатқан іс-шаралары, сапарлары – барлығы жеке азамат ретінде құқығын пайдаланып жүрген іс-шаралар мен кездесулер", - деді мәжіліс төрағасы.
Екі апта бұрын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев "Астана клубының" жетінші отырысына қатысты.
Сондай-ақ жуырда Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескені хабарланған болатын.