АСТАНА, 25 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда "Пиротехника" жедел алдын алу іс-шарасы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгіннен бастап тәртіп сақшылары сауда орындарын аралап, пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану мен тасымалдау тәртібін тексереді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандармен пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде жарақат алудың профилактикасына да басымдық беріледі. Бүгінде мектептерде оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары басталып кетті.
"Пиротехника – бұл өрттің шығуына ғана емес, адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретін қауіпті құрал екенін айта кету керек. Оны дұрыс пайдаланбаса жазатайым жағдайға әкелуі мүмкін. Мәселен, өткен жылы Астана қаласында жаңа жыл түні көп қабатты үйдің ауласында әкесі пиротехникалық бұйымды дұрыс пайдаланбағаны салдарынан жанында болған кәмелетке толмаған балалары және өзі дене күйік жарақатын алған", - дейді әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асылбек Ыдырысов.
Полицейлер мамандандырылған дүкендер мен сауда орындарынан ғана пиротехниканы алуға кеңес беріп отыр. Ал отшашуды алғанда өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Әрбір пиротехникалық бұйымда мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану жөніндегі нұсқаулық жазылуы шарт.
"Бұйымның сыртқы қаптамасының дұрыстығына және сақтау мерзіміне міндетті түрде назар аудару қажет. Егер тауар мерзімі өтіп кетсе, тауарлық түрін жоғалтса, онда оны пайдалануға болмайды", - дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетері, Қазақстанда пиротехникалық бұйымдарды өндіру, сату қызметі лецензиялауға жатады. Бүгінде осы қызмет түрімен айналысатын 40 астам заңды тұлға тіркелген.