АСТАНА, 25 желтоқсан – Sputnik. Бүгін Астана халықаралық әуежайы 7 жарым миллионыншы жолаушыға қызмет көрсетті, деп хабарлайды көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл – Астана әуежайы үшін рекордтық көрсеткіш. Елорда әуежайының 7 жарым миллионыншы жолаушысы KC853 рейсімен Алматы-Астана бағытымен ұшып келген Сейітқазиевтер отбасы болды.
Аэропорт Астаны встретил 7,5-миллионного пассажира
© Photo : Пресс-служба Международного аэропорта Нурсултан Назарбаев
"Біз Алматыдағы туыстарымызға барып, қонақ болып, үйімізге келе жатырмыз. Бірақ рейстен бізді әуежайдың басшылығының өзі күтіп алып, ерекше қонақ боламыз деп мүлде ойлаған жоқпыз", - деді Сейітқазиевтер отбасының отағасы Бауыржан.
Әуежайдың басқарама төрағасы Ерғазы Жолдасовтың айтуынша, 2023 жылы Астана халықаралық әуежайынан Әзірбайжан әуе компаниялары, RedSea, AirCairo, MaviGok әуекомпаниялары тұрақты рейстер орындай бастады.
"Бүгін әуежайымыздың тарихында жаңа рекорд орнады. Былтыр 6 миллион жолаушы қабылдасақ, биыл көрсеткіш 25 пайызға артып, елорда әуежайы 7 жарым миллионыншы жолаушыға қызмет көрсетіп жатыр", - деді Жолдасов.
Қарашада Астана халықаралық әуежайы Terminals Holding компаниясымен бірлескен жұмысты бастады. Инвестор елорда әуежайындағы ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуден өткізуді және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде жолаушылар ағынын 2 есе көбейтіп, 14 миллионға жеткізу көзделуде.
Астана әуежайынан тәулігіне орта есеппен 200-ден аса рейс орындалады. 11 айдың көрсеткіші бойынша жыл басынан 30 мың рейс орындалған.