АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында мал шаруашылығы кешендерінің бірінде 50-ге жуық қой қырылды, деп хабарлайды МТРК.
Бірер күн бұрын таң ата мал өлексесін бақташы тауып алған. Оқиға орнына полиция шақырылды. Тексеру кезінде бүкіл отардағы малда тістелген және тырналған іздер бар екені анықталды. Малды тамақ тұсынан жаралаған. Бір қойды жартылай жеп қойған.
"Материалдық шығын алдын ала есептеу бойынша 1 миллион теңгеге жуық қаражатты құрады. Полиция бұл оқиғаға иттердің қатысы барын жоққа шығарып, қойға сілеусін шабуыл жасады деп болжады. Қоршаудан 500 метр жерде олар қар бетінен осы жабайы жануардың табан ізіне ұқсас іздер тапты", - деп хабарлайды басылым.
Бірақ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мұндай қорытынды жасауға асықпай отыр. Мамандардың айтуынша, өңірдегі жабайы табиғатта, орманда жыртқыш аңдарға азық жеткілікті, олар үй жануарларына шабуыл жасамайды. Бұл сілеусінге тән емес, ол иттің шабуылына көбірек ұқсайды, деп мәлімдеді инспекциядағылар.
"Санақ қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының аумағында сілеусін бар. Оның саны көп емес, 40-тан астам. Мұндай шабуыл сілеусінге тән емес. Яғни, сілеусін бұлай азық таппайды, малды жаппай талап-қырмайды", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.