Өңірлер

Петропавл тұрғындары үйлерінде тоңып отыр: әкім тапсырма берді

Тұрғындар мен үй басқарушылары суыққа шағымданғанымен, I-komek қызметіне 30-дан аз шағым түскен
Sputnik
АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Петропавл үйлеріндегі жылу мәселесі бір күнде шешілмейді. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев халықпен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Petropavlovsk.news.
Басқарушы компаниялардың мәліметінше, суық күндері бұл көпқабатты үйлердегі пәтерлерде ауа температурасы +12 ℃ болған. Олардың айтуынша, қазір кейбір үйлерде термометр көрсеткіші 17 градустан аспайды.
Мәселен, қарқынды дамып келе жатқан "Жас Өркен" ықшам ауданында бірқатар тұрғын үй мен балабақшаға жылу жетпейді, дейді Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Асқар Сексенов.
"Аязды күндері кері айналым 40 градусқа дейін төмендеді. Бір пәтерде 12 градус болды. Терезедегі мұз қабатының қалыңдығы екі елі", - деді ол.
Басқарушының айтуынша, тұрғындар жылу желілерінің директорымен кездескен. Бірақ өзара түсіністік таба алмаған. Себебі, коммуналдық қызметкерлер қаржының жетіспеушілігін алға тартып отыр.
Әкім барлығы дұрыс жұмыс істеп жатыр деп сендірген жылу желілерінің басшысынан жауап талап етті.
"Биыл параметрлер төмендетілді. Қосымша қондырғылар орнатылды. Бүгінгі таңда температура қалпына келтірілді", - деп түсіндірді "Петропавл жылу желілері" ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Максим Буландо.
Әкім тұтынушылардың сапасы сын көтермейтін қызмет үшін тұрақты түрде ақша төлейтініне наразылық білдірді.
"Жылу желілері бұл мәселені шешуі керек, өйткені олар абоненттерге ақылы қызмет көрсетеді. Проблема туындаса, оқиға орнына барып, шара қолдануы керек", - деді Серік Мұхамедиев.
Қала басшысы өз орынбасарына жылу желілері өкілдерімен бірге комиссия құрып, оқиға орнына барып, мәселені шешуді тапсырды.
"Облыс әкімі президентке ЖЭО-2 қалыпты жұмыс істеп тұрғаны туралы есеп бергенін барлық жерде естиміз. Бірақ 1 желтоқсанға дейін бізде қалыпты температура болды, ал қазір жылу жеткіліксіз", - дейді тағы бір Мүлік иелері бірлестігінің басшысы Рашида Морозова.
Әкім басқарушылар мен тұрғындарға коммуналдық мекемелерді сотқа беруге кеңес берді.
Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, аязды аптада сыртта термометр көрсеткіші -40 градусқа дейін төмендеген кезде "I-komek" қызметіне жылумен қамтуға қатысты небәрі 28 шағым түскен.
"Мен одан да көп болады деп күткенмін", - дейді Петропавл әкімі.
Өңірлер
Ақтауда бірнеше шағын аудан жылу мен ыстық сусыз қалды