АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Әлеуметтік желілерде премьер-министр Әлихан Смайыловтың интернет-алаяқтардан зардап шеккендерге өтемақы төленетіні туралы жалған мәлімдемесі таралып жатыр, деп хабарлайды Stopfake.kz порталы.
Видеода Қазақстанда "ұрланған қаражатты қайтару және өтеу жөніндегі" комитет құрылғаны айтылады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Елімізде мұндай комитет жоқ және болған емес.
"Алаяқтар алданған адамдарға көмектесеміз деп осы жарнаманы таратып жатыр, ал шын мәнінде ақшаны "қайтару" қызметтері туралы жазылған сайтқа өтуді ұсынады. Осылайша жауапсыз инвесторлар ұрлаған ақшаны қайтару үшін қайтадан төлеу керек болады. Осы арқылы алаяқтар бір кездері алданып қалған адамдарды тағы да құрығына түсіреді", - деп ескертті портал мамандары.
Мұндай жалған хабарламалар Қазақстанда және Ресейде бұған дейін де тараған. Ол кезде қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төленетіні жайлы айтылған еді.