АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Елордада "10 игі іс" атты қайырымдылық шаралары аясында жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне өртке қарсы датчиктер орнатылды, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Жылу беру маусымында төтенше жағдай қаупін азайту мақсатында биыл 15 тамыздан бері тұрғын үйлерді аралау, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Басты назар халықтың әлеуметтік осал тобына жататын үйлерге аударылады.
"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның қолдауымен аталған үйлерге иіс газын анықтайтын 411 датчик орнатылды", - делінген хабарламада.
2023 жылдың есептік кезеңінде қала аумағындағы тұрғын үйлерде 245 өрт болды. Бұл барлық тіркелген өрттің 61%-ін құрайды.
Тұрғын үй секторында болған өрттің негізгі себептері: электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, жылыту жүйелерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.
Өрт қауіпсіздігі шаралары аясында жылыту пештері тексеріліп, кейбіріне жөндеу жүргізілді.
ТЖД мамандары өрт шыққан жағдайда дереу 101 нөміріне қоңырау шалуды сұрады.