Оқиға

Есік қаласында түн ортасында ірі өрт болды

© Photo : Пресс-служба МЧС КазахстанаАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.12.2023
Жазылу
Өрттің үлкен аумаққа жайылуына өрт туралы хабардың кеш түскені себеп болған
АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Есік қаласында түн ортасында бірнеше сауда павильоны, дүкендер және екі сауда үйі өртенді. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Алматы облысы ТЖД.
Төтенше жағдай 24 желтоқсанға қараған түні болған.
"Сағат 03:35-те Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында Фрунзе мен Алматинская көшелерінің қилысында бильбордтар, перде мен кілем сататын сауда павильондары, "Со склада" жиһаз және азық-түлік дүкені өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Өрт "Пассаж" сауда үйінің шатыры мен "Шамшат" сауда үйіне таралған", - деп мәлімдеді департаменттегілер.
Оқиға орнына шұғыл облыстық ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.
Өрт сөндірушілердің алғашқы легі 03.40-та жеткен. Ол уақытта сауда павильондары, дүкендер мен "Пассаж" сауда үйінің шатыры өртеніп жатқан. Тілсіз жауды ауыздықтауға жақын маңдағы бөлімшелердің өрт сөндірушілері де барды.
"Өрттің үлкен аумаққа таралуына өрт туралы хабардың кеш түскені себеп болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 06.20-да өрт ауыздықталды, ал 07.40-та толығымен сөндірілді. Жалын 1958 шаршы метр аумақты шарпыған", - дейді ТЖД қызметкерлері.
Жақын маңдағы "Халифа" сауда үйі, киім қоймасы мен жиһаз дүкені өрттен аман қалды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД бөлім басшысы оқиға орнына барды.
Өртті сөндіруге облыстық ТЖД 34 қызметкері мен 11 техникасы, жол патрульдік қызметінің 6 қызметкері мен 3 техникасы, жедел медициналық көмек бригадасының 6 қызметкері және 2 техникасы жұмылдырылды.
Хан Шатыр, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.12.2023
"Хан шатыр" сауда және ойын-сауық орталығынан өрт шықты
Жаңалықтар
0