АСТАНА, 23 желтоқсан – Sputnik. Павлодарда онкология диспансерінде дәрі-дәрмек таусылды. Дегенмен Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі келесі аптада қосымша дәрі-дәрмек жеткізіліп, ол емделушілердің бұл препараттарға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады деп сендірді.
Павлодарлықтар облыстық онкология диспансерінде химиотерапиялық препараттардың жоқтығын әлеуметтік желіде жаза бастады.
"Туысқаныма тағы да химиотерапия жасалуы керек еді. Бірақ оған дәрі-дәрмек жоқ және қашан болатыны белгісіз, күтіңдер депті. Науқастарға қалай бұлай деп айтуға болады", - деп жазды әлеуметтік желі қолданушыларының бірі.
"Иә, дәл солай", - деп онкологиялық диспансердегі науқастардың бірі оның сөзін растады. - Жағдай нашарлап кетті, ауруханада дәрі жоқ, ақпанға дейін шыдау керек деп айтты".
Денсаулық сақтау басқармасы емделушілер мен олардың туыстарының шағымдарына дер кезінде жауап беріп, дәрі-дәрмек тапшылығының себебін түсіндірді.
"Бүгінгі таңда облыстардың онкологиялық диспансерлерін дәрілік химиотерапиялық препараттармен республикалық бірыңғай жабдықтаушы "СК-Фармация" ЖШС қамтамасыз етеді. Ол Павлодар облыстық онкологиялық диспансеріне келісімшарт бойынша 2023 жылға бөлінген бюджеттік қаржыландыру бойынша 1 849 296 466,78 теңгеге дәрі-дәрмек жеткізді", - деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бірақ облыста онкологиялық аурулардың көбеюіне және дәрі-дәрмекке деген қажеттіліктің артуына байланысты диспансер осы жылдың қараша айында 200 660 245,3 теңгеге химиотерапиялық препараттарды сатып алуға қосымша өтінім беруге мәжбүр болған.
"Қазақстан Республикасындағы дәрілік заттарды бірыңғай жеткізуші "СК Фармация" ЖШС ақпаратына сәйкес, дәрі-дәрмек қазір сатып алынған және келесі аптада, яғни 2023 жылдың 25-29 желтоқсаны аралығында облыстық онкологиялық диспансерлерге жеткізіледі. Олардың көлемі келесі жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенге дейін сұранысты қанағаттандырады", - дейді дәрігерлер.
Бұл ретте олар науқасқа әр нақты жағдайда қандай дәрі қажет екенін және олардың онкологиялық диспансердің дәріханасына келген-келмегенін білуге болатын химиотерапевт дәрігерлердің телефон нөмірлерін берді.