АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің делегациясы АҚШ-тың Атланта қаласында БҰҰ cыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына енетін мемлекеттер конференциясының 10-шы сессиясына қатысты.
Агенттік мәліметінше, іс-шара 190-ға жуық ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін қамтыды.
"Кездесу барысында шетелдік әріптестерге агенттіктің қызметі және жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар таныстырылды. Бұдан басқа, бұл алаң АҚШ, Түркия, БАӘ және басқа елдердің әріптестерімен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін қолданылып, қаржылық тергеу, активтерді іздеу және қайтару мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді", - делінген хабарламада.
Осындай кездесу түрлі елдердің құқық қорғау органдары мен ведомстволарының мамандарын біріктіретін халықаралық жемқорлыққа қарсы үйлестіру орталығының өкілдерімен өткізілді.
"Шетелдік әріптестер серіктестік қатынастарды дамытуға қызығушылық білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қылмыстық жолмен алынған активтерді белгілеу, бұғаттау және қайтару саласында жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін хабарлады", - деп түсіндірді ведомстводағылар.