АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Абай облысында құтқарушылар мұз астына түсіп кеткен бес жасар баланы іздеп жатыр.
Оқиға бүгін түс кезінде болды. Үржар полициясына учаскелік инспектор қоңырау шалып, Таскескен ауылында балалардың бірі мұз астына түсіп кеткенін хабарлаған.
"5 жасар екі бала ауылдың шетіндегі Қарақол өзенінде толық қатпаған мұз үстінде ойнаған. Жұқа мұз жарылып, балалардың бірі мұздың астына түсіп кеткен", - деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.
Осы сәтте екінші бала ересектерге көмек сұрауға жүгірген. Куәгерлер бірден учаскелік инспекторға қоңырау шалған. Ол дереу оқиға орнына барып, құтқарушыларды шақырды.
Қазір баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Полиция өңірдегі су қоймаларында мұздың қалыңдығы қазір 3 см-ге жетпейтінін атап өтті.