АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Air Asia Х әуе компаниясы 2024 жылы Куала-Лумпур мен Алматы арасында тікелей тұрақты жолаушылар рейсін іске қосуды жоспарлап отыр.
Қазақстан туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Air Asia Х әуе компаниясының бас директоры Беньямин бин Исмаилмен кездесті. Тараптар Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту перспективаларын, жолаушылар ағынын арттыру жоспарын және туризмді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды талқылады.
"Тікелей рейстер саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, елімізді шетелдік туристерге қолжетімді етеді. Сонымен қатар туристер санының артуына, келу туризмінің географиясын кеңейтуге және туристік бизнеске жаңа мүмкіндік жасайды", - деді Ержан Еркінбаев.
Оның айтуынша, тікелей рейстердің ашылуы – әзірге тек бірінші кезең.
Әуе рейстері екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда шешуші рөл атқарады. Олар іскерлік келіссөздерді жеңілдетіп, сауда мен инвестицияны ынталандырады.
"Куала-Лумпур мен Алматы арасында ашылатын рейстер аясында бизнес-туризм ағынының артуы күтілуде. Бұл тәжірибе мен білім алмасуға ықпал етіп, инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтеді", - деп хабарлайды туризм және спорт министрлігі.
Air Asia компаниясы Куала-Лумпур мен Алматы арасында 2024 жылғы наурыздан бастап тікелей тұрақты жолаушылар рейсін іске қосуға ниетті екенін жеткізді. Рейстер аптасына төрт рет (сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі) орындалмақ.
Әуе компаниясы өкілдерінің айтуынша, бұл қадам екі ел арасындағы туристік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.