Қостанайда әуежай, мектеп және көпқабатты үйлер жылусыз қалды

Жерасты жылу желісіндегі апатқа байланысты 42 көпқабатты тұрғын үйге, №29 орта мектепке, Қостанай халықаралық әуежайының ғимараттарына жылу беру уақытша тоқтатылады
Sputnik
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Қостанайда Герасимов көшесіндегі жерасты жылу желісінде жарылыс болды. Жөндеу бригадалары апатты жоюда. 42 көпқабатты үй, мектеп пен әуежай жылусыз қалады.
"Бүгін, 20 желтоқсанда сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін Герасимов көшесіндегі 4 тұрғын үйдің жанындағы жерасты жылу желісіндегі апатқа байланысты 42 көпқабатты тұрғын үйге, №29 орта мектепке, Қостанай халықаралық әуежайының ғимараттарына жылу беру уақытша тоқтатылады", - деп жазылған Қостанай жылу-энергетика компаниясының хабарламасында.
Узкоколейная көшесі мен Қобыланды батыр даңғылының бойындағы жылу желілеріндегі жарылысқа байланысты тағы 80 көпқабатты үйде жылу кешке дейін өшіріледі, деп жазды "Наш Костанай".
Сейсенбі күні Жезқазған ЖЭО-да бес қазандықтың екеуі жұмыс істеп тұрғаны хабарланды. Жылу желілерінде ауа температурасы нормадан 10 градусқа төмен болды, яғни қалыпты 73 градустың орнына қазір 63 градусты көрсетіп тұр.
Риддердегі жылу электр орталығы әлі толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ, 4 қазандық жұмыс істеп тұр, тағы екеуі резервте тұр. ЖЭО-да 10 желтоқсанда қазандық механизмдерін қоректендіретін электр сымы зақымдалып, қазандық көмірден мазутқа ауыстырылған.
13 желтоқсанда кешке Кентауда электр қуатының болмауына байланысты ЖЭО-ның төрт қазандығы да сөндіріліп, кейін жылу қайта қалпына келтірілді.
Бірнеше коммуналдық төтенше жағдайлардан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылумен жабдықтау нысандарындағы апаттар үшін үкімет пен әкімдер жеке жауапкершілікте болатынын айтты.
Жезқазған, Риддер және Кентау ЖЭО-дағы жағдай бойынша министрлік мәлімдеме жасады