АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Таразда екі шетелдікті құлдықта ұстаған күдікті құрықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласы полиция басқармасынына 24 және 40 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматтарынан арыз түсті. Арызда жәбірленушілер Тараз қаласындағы құрылыс нысандарында жұмыс істеуге мәжбүр болғандарын айтқан. Оларды жұмысқа алған ер адам құжаттарын тартып алып, тегін жұмысқа жеккен. Олар қашып үлгерген, алайда иелері құжаттарын қайтару үшін ақша бопсалаған.
"Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 126-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағымен (Бас бостандығынан заңсыз айыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Түркістан облысының 35 жастағы тұрғынын анықтады. Ол талап еткен шамамен 500 мың теңге көлеміндегі ақшаның 200 мың теңгесін алған кезінде ұсталды", - делінген хабарламада.
Күдікті өз кінәсін мойындады. Құрықтау барысында одан 200 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражат, Redmi 7 телефоны және құжаттар тәркіленді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.