АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Қайрат Сатыбалдының шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы арызы қанағаттандырылмады.
"Сотталған Қайрат Сатыбалдының жазаны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылмады", - деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот Қайрат Сатыбалдының тәртіп бұзушылығы бар екенін, әзірге іс-әрекеті тұрақсыз екенін алға тартты.
Қайрат Сатыбалдыұлы – жол апатынан қайтыс болған Сатыбалды Назарбаевтың ұлы, Alatau Capital Invest басқарушы серіктесі. Қайрат Сатыбалды Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша еліміздің ең ықпалды бизнесмендерінің тізіміне енген.
Ол Астана қаласы әкімінің орынбасары, "ҚТЖ" бірінші вице-президенті, "Нұр Отан"партиясының хатшысы болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарында басшы офицерлік лауазымдарда қызмет еткен. Діндарлығымен танымал.
Өткен жылдың наурыз айында Дубайға ұшқалы жатқан жерінен ұсталды, содан бері қамауда. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты жымқыру туралы істі сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы 24 тамызда хабарлады. Оны сот Астанада 2022 жылдың қыркүйегінде 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар жеке эпизодтар бойынша тергеу 2023 жылы да жалғасты.