АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Жыл басынан бері 19 476 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ведомство ақпаратынша, биыл қандастардың жартысы (51,9%) – Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,8% – Моңғолиядан , 8,5% – Түрікменстаннан, 7,2% – Ресейден және 2%-і басқа елдерден келген.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 126,5 мың этникалық қазақ оралды.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,5%-ті, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,9%-ті және зейнеткерлер 8,6%-ті құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың арасында 15,3%-і – жоғары білімді, 33,6%-і – орта кәсіби білімді, 42,8%-і – жалпы орта білімді және 8,3%-інің білімі жоқ.
Атажұртқа оралған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған.
Сондай-ақ қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.
"Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 337 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 053 қандас көшіп барды", - делінген хабарламада.
Осы өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде біржолғы көмек; баспана жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7 мыңнан 103,5 мың теңгеге дейін).
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері 1630 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 614 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1630 адам біржолғы субсидия алды, ал 513 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидатымен қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба аясында елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады.
Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 058 өтініш (690 отбасы) қабылданған.