Ақтауда кейбір үйлерде жылу әлі жоқ - әкім түсініктеме берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 желтоқсан - Sputnik. Ақтауда тұрғындар пәтерлерінің суығына шағымданып жатыр. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Жағдайға қатысты Ақтау әкімі Ұлықбек Тінәлиев түсініктеме берді.
Тұрғындардың айтуынша, жылу магистралінде 10 желтоқсанда болған апаттан кейін пәтерлердегі жылу төмендеп кеткен. Ал қала әкімі аяз бен тозып кеткен инженерлік жүйелер коммуналдық проблемаларға әкелгенін айтады.
"Магистральдық құбырда апат болды. Соның салдарынан кейбір шағын аудандарда жылу айналымы бұзылды. Біз барлық көппәтерлі тұрғын үйлерге жылу бердік. Әрине, тұрғындардың шағымдары бар, себебі жылу желілерінде айналым жоқ", - әкімнің бұл уәжін Lada.kz жазды.
Әкімнің айтуынша, жылу жүйелерінде ауа қалып қойған.
"Жоғарғы шағын аудандарда 16-19 қабатқа дейін жететін көп қабатты ғимараттар бар, онда бүкіл айналымды қамтамасыз ететін қуатты жылу сорғылары бар. Мұндай жағдай жақында 27-ші шағын ауданда болды. Содан кейін біз тез арада жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ол үшін 19, 16, 17 шағын аудандарды тексеруге тура келді. Бірқатар үйлерде біз сорғыларды өшірдік. Осының арқасында біз 27-ші шағын ауданда жылыту мәселесін жолға қойдық. Бірақ магистральдық құбырдағы апат бүкіл жылу жүйесін бұзды. Қазір біз апаттың салдарын жойып жатырмыз", - деп түсіндірді ол.
Ақтау тұрғындары 10 күн бойы жылусыз отырғанына шағымданды