АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандық Дмитрий Ли Оңтүстік Корея президентінің арнайы сыйлығына ие болды, деп хабарлайды 24.kz.
Жүлдені президенттің атынан Инчхон қаласының мэрі табыстады. Дмитрий Ли басқарып отырған компания бір жылдың ішінде 30 миллион долларға тауар экспорттап, жергілікті биліктің ерекше ықыласына бөленді.
Ли Оңтүстік Кореяға 2019-шы жылы көшіп барған. Әуелі жүргізуші болып жұмыс істеп, артынан көлік экспортымен айналысып кетті. Ал Кореяға көшкенге дейін Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. "KAZAKH-TV" арнасында ағылшын тілінде жаңалықтарды жүргізді.
"Әрине, мұнда жергілікті кәсіпкерлермен салыстырғанда, бізге, шетелдіктерге әлдеқайда қиын. Өйткені тіл мен заңнаманы жақсы біле бермейсің. Мұның бәрін зерттеуге көп уақыт қажет. Бірақ маған бірнеше шет тілді, оның ішінде ағылшын мен орыс тілін жетік білетінім көп көмектесті. Әсіресе шетелдік сатып алушылармен кездесіп, байланыс орнатуыма септігін тигізді", - дейді автокөлік экспорттаушы компанияның иесі.
Корея сауда қауымдастығының Инчхон орталығы директоры Сим Джун Соктың айтуынша, президенттің сыйлығы Корея экономикасына қомақты үлес қосқаны үшін беріледі.
"Біз экспорттаушыларды жергілікті және шетелдік деп бөлмейміз. Жүлде кем дегенде 1 миллион долларға кореялық тауарларды экспорттаған бизнесмендерге беріледі", - деп атап көрсетті Сок.