АЛМАТЫ, 16 желтоқсан - Sputnik. Францияға жұмыс сапары аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Гиме (Guimet) мұражайының президенті Янник Линтцпен кездесті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Аида Балаева Қазақстан-Франция қарым-қатынасы Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макронның өзара сапарларынан кейін дамуға жаңа серпін алғанын атап өтті.
Франция Президентінің Астанаға сапары аясында Гиме (Guimet) шығыс өнері мұражайында Қазақстанның тарихи мұраларының көрмесін өткізу туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
Аида Балаева мен Янник Линтц ауқымды шараның жай-жапсарын талқылады.
Әлемге әйгілі Гиме (Guimet) мұражайы Азия өнерінің әлемдегі ең толық және Еуропадағы ең үлкен коллекциясына ие.
Мұражай президенті қоймаларда Қазақстаннан алынған бірнеше жәдігер бар екенін, алайда жұртшылықтың қызығушылығын ескере отырып, музей қазақ мәдениеті мен тарихын сипаттайтын маңызды жәдігерлерді көбірек ұсынғысы келетінін айтты.