АЛМАТЫ, 15 желтоқсан – Sputnik. Көлік полицейлері Жамбыл облысында қолайсыз ауа райында жолда қалған 500-ден астам жолаушыға сапарларын пойызбен жалғастыруға көмектесті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің айтуынша, жолға шықпа деген хабарландыруға жолаушылар құлақ асып жатқан жоқ.
"Көптеген азамат автокөліктермен және рейстік автобустармен шығып, Алматы – Шымкент, Алматы – Кызылорда тас жолдарында қар құрсауында қалды. Көлік полицейлерінің көмегімен жолаушылар пойызбен межелі жерлеріне жетулері үшін Шу және Тараз теміржол вокзалдарына жеткізілді. Жалпы, бұл жұмысқа160-қа жуық полицей жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 500-ден астам азамат сақшылардың көмегімен жолаушылар пойызына отырғызылып, өз сапарларын аман-есен жалғастырды", - дейді ведомстводағылар.
Жолаушылар арасында қарт адамдар, әйелдер мен балалар бар. Сондай-ақ олардың ішінде Алматы – Шымкент бағытындағы автобус рейсімен жолға шыққан Өзбекстан Республикасының 150 азаматы да болған. Полицейлердің айтуынша, шетелдіктердің киімдері жұқа.
"Көлік полицейлері “ҚТЖ” ҰК АҚ қызметкерлерімен бірлесіп, аталған азаматтардың өтіп бара жатқан пойыздарға отырғызды. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы, оның ішінде жүкті әйел мен 2 жас бала өз көлігімен Шу-дан Түркістан қаласына шыққан, бірақ ауа райына байланысты жолда қалған. Олар полиция пунктіне жеткізіліп, ыстық шаймен қамтамасыз етілді. Әрі қарай олар пойызға отырғызылды", - дейді ведомстводағылар.