АСТАНА, 14 желтоқсан - Sputnik. Жамбыл облысында ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты 500-ден астам жүк көлігі тас жолдардың бойында тұр, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
Жамбылдық полицейлер автожолдардағы жағдай дұрысталып, қауіп сейілгенше азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуде. Тәртіп сақшылары жаураған жолаушыларға ыстық шәй мен нан таратып, жағдайды түсіндіріп жүр.
Алыс жолға шыққан көліктердің майы қатып, техникалары істен шығып, жолда бұзылып қалып жатыр. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілермен бірге болып, жағдайды бақылауда ұстайтын болады.
Бұған дейін "Қазавтожол" қарлы боран салдарынан және көрінудің шектелуіне байланысты Жамбыл облысында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабық екенін ескертті.