Шымкентте миллиард теңгенің жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды

Прокурорлардың қадағалау актісімен жергілікті атқарушы органдар 7 келісімшартты бұзып, мемлекетке кадастрлық құны 1 млрд теңгеден асатын 116 га жер учаскесін қайтарды
Sputnik
АЛМАТЫ, 13 желтоқсан - Sputnik. Шымкентте жергілікті атқарушы органдар жосықсыз жер қойнауын пайдаланушылармен 7 келісімшартты бұзып, кадастрлық құны 1 млрд теңгеден асатын 116 га жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл туралы Шымкент прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған.
"Мемлекеттен пайдалы қазбалары бар жерлерді алған кезде жер қойнауын пайдаланушылар бірқатар шарттарды, оның ішінде әлеуметтік сипаттағы шарттарды орындауға міндеттеледі. Алайда барлық жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің келісімшарттық міндеттерін орындамаған", - дейді прокуратура.
Прокурорлардың қадағалау актісімен жергілікті атқарушы органдар 7 келісімшартты бұзып, мемлекетке кадастрлық құны 1 млрд теңгеден асатын 116 га жер учаскесін қайтарды. Сондай-ақ жер қойнауын заңсыз өндірудің 5 фактісі анықталды.
"Олардың ешқандай құқықтық құжаттары болмаған. Кінәлілер "Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу" бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды", - дейді ведомство.
Бұған дейін Қазақстанда 9,32 млн га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған. Пайдаланылмаған учаскелер "Қазғарыш" космомониторингтің көмегімен анықталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдың басынан бері тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді.