АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Дариға Назарбаева мен Нұрбол Назарбаевтың табыс декларациясын тапсырғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жалпыға бірдей декларациялауға арналған брифингте журналистер салықшылардан мемлекеттік қызметте істеген Дариға Назарбаева мен Нұрбол Назарбаевтың табыс есебі туралы сұрады.
"Декларациялаудың бірінші кезеңі 2021 жылы басталған. Сол кезде мемлекеттік қызметшілерге табыс декларациясын тапсыру міндеті жүктелді. Дариға Назарбаева кезінде мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Болат Назарбаевтың ұлы – Нұрбол Назарбаев та құқық қорғау саласында қызмет етті. Бірақ олар қызметтен кеткеннен кейін Forbes-тің тізіміне ілікті. Осы кісілер кезінде декларация тапсырды ма? Табысын көрсетті ме?", - деп сұрады тілшілер.
Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Нұржан Қуандықовтың айтуынша, Назарбаевтар табыс декларациясын тапсырған.
"Сіз айтқан адамдардың барлығы декларацияны тапсырды. Өйткені бүкіл мемлекеттік қызметші табыс декларациясын тапсыруы керек еді. Бірақ қандай сомалар және не бар екенін жариялай алмаймыз. Өйткені ондай мәлімет салық кодексімен қорғалады", - деп атап өтті Қуандықов.
Осы орайда журналистер офшорлық есеп-шоттардың бар-жоғын да сұрады. Бірақ департамент басшысы ондай мәлімет те Салық кодексі бойынша құпиясаналатынын жеткізді. Оны жариялауға болмайды.