АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Астананың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова қызылшаға қарсы шұғыл вакцина салу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде елордада күн сайын қызылша жұқтырған 35-ке жуық науқас тіркеледі. Биыл наурыз айынан бері 806 адамның диагнозы расталды. Олардың 71 проценті - 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастар арасында вакцинация алмаған балалар көп. Ал екпе алғаннан кейін ауырып қалған балалардың үлесі тек 6 процентті құрап отыр.
"Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қызылша жұқтырған науқастармен тығыз байланыста болған адамдар вакцина алудан бас тартып жатады. Ал ошақтарда екпе алмаған адамдарды инфекциядан уақытылы қорғау және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында қызылшамен соңғы байланыста болған сәттен бастап алғашқы 72 сағат ішінде шұғыл вакцинация жүргізілуі керек", - деді Бейсенова бүгінгі онлайн брифингте.
Бүгінде қосымша жаппай иммунизация аясында вакцина алуға тиіс адамдардың 16,8 пайызы немесе 20 302 адам екпе алды. Олардың ішінде 6-10 айлық балалар (5 317), 2-4 жастағы балалар (7 171) мен медицина қызметкерлері (3 488) бар. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау жүргізіліп жатыр.
Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация жалғасып жатыр. 12-15 айлық аралығындағы сәбилер санынан қызылшаға қарсы жоспарлы екпемен 92,3 пайыз (22 780 бала) және 6-7 жастағы балалар арасында 92,6 пайыз (22 700 бала) қамтылды.
"Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді және аурудың таралуын тоқтату үшін ұсынылады. Сол себепті, ата-аналарды қызылшаға қарсы уақытылы вакцина алуға, сонымен қоса 6-10 айлық және 2-4 жастағы балаларға қосымша иммунизация алуға шақырамын", - деп түйіндеді бас санитар.