АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Астанада қызылша ауруын жұқтырғандар саны өсті, үш мыңға жуық адам ауруханаға түскен. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева мәлімдеді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін 2 977 пациент қызылшамен стационарлық деңгейде емделді, оның 2 187-сі – бала, 49-ы – жүкті әйел.
"2023 жылғы 13 желтоқсандағы жағдай бойынша 290 пациент стационарда емделіп жатыр, оның ішінде 214 бала, 10 жүкті әйел бар. Бүгінгі таңда № 3 аурухана жүктемесі 43% құрады", - деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, қараша айында барлық емханада 6 айдан 10 айға дейінгі 29 күндік балаларға жаппай қосымша вакцинация басталды. Ал 5 желтоқсаннан бастап 2-4 жастағы балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмысы басталды.
Қаланың барлық медициналық ұйымында қызылшаға қарсы вакцина жеткілікті, дейді басқарма өкілі. Мәселен, 2023 жылғы 9 желтоқсанда қалалық денсаулық сақтау қоймасына қызылшаға қарсы вакцинаның 40 мың дозасы келіп түсті, олар БМСК-да разрядқа сәйкес таратылды.