АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Палестина халқымен ынтымақтастық белгісі ретінде дүйсенбі күні Ливандағы барлық мемлекеттік және үкіметтік емес мекеме жабық болады, деп хабарлайды РИА Новости Түркияның мемлекеттік Anadolu ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік хабарлауынша, Ливан дүйсенбіде елдегі барлық үкіметтік және басқа мекеменің жабық болатыны туралы хабарлады.
"Ливан министрлер кеңесінің Бас хатшысы Махмуд Меккия жексенбі күнгі ресми мәлімдемесінде премьер-министр Наджиб Микати бұл шешімді Газа секторымен және Палестина халқымен, соның ішінде Газадағы біздің отандастарымыз бен Ливанның шекаралас ауылдарымен ынтымақтастық белгісі ретінде жаһандық ереуілге шақыруға жауап ретінде қабылдағанын мәлімдеді", - деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Al Jazeera телеарнасы бұған дейін Палестинаны қолдайтын белсенділер мен азаматтық қоғам ұйымдарының коалициясы Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында атысты дереу тоқтатуды талап ету үшін дүйсенбі күні жаһандық ереуілге шақырғанын хабарлады.
7 қазанда Палестинаның ХАМАС қозғалысы "Әл-Ақса дауылы" операциясы аясында Израильге зымыранмен шабуылдады. Осыдан кейін ұйымның жауынгерлері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралас аймақтарға еніп, 200-ден астам адамды кепілге алды. Израильде, биліктің соңғы мәліметі бойынша, шамамен 1,2 мың адам қайтыс болды, олардың қатарында бейбіт тұрғындар, сарбаздар, шетелдік азаматтар мен жұмысшылар бар. Сонымен қатар 5 мыңнан астам адам зардап шеккені туралы хабарланды.
Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс армиясы Газа секторындағы Хамасқа қарсы "Темір қылыш" операциясын бастады. Бірнеше күн ішінде Израиль әскери күштері Газа шекарасындағы барлық елді мекендерді бақылауға алып, сектор аумағындағы нысандарға, соның ішінде азаматтық нысандарға авиациялық соққылар жасай бастады. Сондай-ақ Израиль Газа секторының толық блокадасын жариялады: су, азық-түлік, электр энергиясы, дәрі-дәрмек, отын жеткізу тоқтатылды.
Қазан айының соңында анклавтағы Израиль операциясының жердегі кезеңі басталды. Газа қаласын Израиль құрлық күштері қоршап алды, ал анклав іс жүзінде оңтүстік және Солтүстік бөліктерге бөлінді.
Газа секторында Израиль соққы жасаған уақыттан бастап қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты, 48 мыңнан астам адам зардап шекті. ХАМАС Газа секторында шамамен 200-250 адам кепілге алынғанын мәлімдеді. Бітім тоқтатылғаннан кейін Израиль билігі "Хамаста 126 израильдік пен 11 шетелдік тұтқында қалды, ұрланған 110 адам босатылды" деп мәлімдеді.
Тараптардың аумақтық мүдделеріне қатысты Палестина – Израиль арасындағы қақтығысы ондаған жылдар бойы аймақта шиеленіс көзі болды. 1947 жылы БҰҰ шешімі екі мемлекеттің – Израиль мен Палестинаның құрылуын анықтағанмен, тек Израиль мемлекеті ғана құрылды.