АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Алматыда құқық қорғау органының екі қызметкері 14 жастағы қызды зорлады. Бұл ақпаратты Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов растады.
"Өкінішке қарай, мұндай факті болды, тәртіп сақшылары осындай қылмысқа барды. Тәртіптік комиссия жұмыс істеді", - деді ІІМ басшысы.
Полиция қызметкерлері өз кінәсін мойындаған. Қылмыстық іс аясында олар уақытша қамауға алынған.
"Қылмыс жасаған кезде олар полиция қызметкері болған, қазір жұмыстан босатылды", - деді Сәденов.
Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, 2023 жылдың 4 желтоқсанында Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасының полиция капитандары Р. мен Ж. 2009 жылы туған кәмелетке толмаған қызды зорлаған.
Бұған дейін Талдықорғандағы полиция ғимаратында болған зорлау оқиғасынан кейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов Жетісу облыстық полиция басқармасының сол кездегі басшысы Атығай Арыстановты қызметінен босатқаны хабарланған.
Арыстановтың бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметтік сәйкессіздік туралы ескертілді. Облыстық кадр саясаты жөніндегі департамент басшысының орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу жөніндегі басшының орынбасары Мақсат Ережепов те қызметтерінен босатылды.
Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев полицияға жеткізілген қызды өз кабинетінде зорлады деген күдікке ілінді. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды.