Қыздардың бойында қатігездіктің пайда болуына ата-ананың тікелей қатысы бар – психолог

Бұрын ер балалар бір-бірінен ақша талап ететін. Қазір бопсалауға бұрымдыларда білек сыбана кіріскен секілді
Sputnik
АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Бүгінде бірін-бірі балағаттап, одан қалды шаш жұлып, керек десең, аяусыз ұратын қыздар көбейген.
Қыздар арасында мұндай жағдай "өтпелі" кезеңде жиі болады. Оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаудан да жасқанбайды. Психолог Анаргүл Ибрайымбекова бала бойындағы "қатігездіктің" пайда болуына ата-ананың тікелей қатысы дейді. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
"Балаға ата-ана ашумен жауап қайтарса, ұрсып, ұратын болса, бала іштей қорқып қалады. Одан кейін күші жеткен адамдарға өз күшін көрсете бастайды. Яғни, өз-өзіне мен күштімін дегенді дәлелдегісі келеді. Одан кейін барлық адамды жау ретінде көре бастайды. Сондықтан да агрессия орын алып жататын жағдайлар көп боп жатады", - дейді ол.
Елімізде буллинг сөзі заңнамаға былтыр мамыр айында ғана енді. Оған дейін бұл ұғым ешқандай құжатта бекітілмеген еді. Сондықтан елде нақты қанша бала мен жасөспірімнің әлімжеттікке ұшырайтынын тап басып айту қиын.
Өскемендегі төбелесқұмар қыздардың ісі прокуратураға жолданды