АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Көкшетауда Алматы қаласындағы полигонда құмды дауыл кезінде қаза тапқан сарбаздың денесі эксгумацияланды, деп хабарлады КТК телеарнасы.
19 жастағы Алмас Шәкімовтың туыстары эксгумацияға рұқсат алуға бір жылдан астам уақыт жұмсаған. Олар жігіт басына түскен ауыр темірден емес, әріптесінің қолынан қаза тапқанына сенімді.
Ресми нұсқа бойынша сарбаздың өліміне шатырдың темір жақтауының басына тиюі себеп болған. Өткен жылдың тамыз айында 5571 әскери бөлімінің қызметкерлері оқу-жаттығуға қатысу үшін Алматы полигонына аттанған. Ұлттық ұланның 34 сарбазы жауынгерлік дайындықтан өтіп жатқан. Кенет қатты дауыл басталып, әскерге шақырылғандар эвакуациялана бастаған. Алмас құлаған шатырлардан әріптестерін шығаруға көмектескен. Ол үшеуін құтқарып, бірақ өзі көз жұмды.
Қайтыс болғаннан соң жауынгер "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Бірақ туыстары наградадан бас тартты. Олар ұлдарының денесінде тергеу жасыруға тырысқан көптеген жарақат бар екеніне сенімді. Эксгумациядан кейін тәуелсіз сарапшылар полигонда не болғанын анықтауы керек.
"Өлтірді, иә, өлтірді. Басында оның өлтірілгені белгілі болды. Алдымен Алматының әскери прокуратурасы осы іспен айналысты. Содан кейін тергеуші Тоғаев қарады. Ол сақтау камерасындағы заттарды жойып жіберген және қызметін ауыстырған. Олар істі жабуға тырысты, жапты да. Енді біз әділеттік іздеп, сынықтардың бар екенін дәлелдегіміз келеді", - дейді марқұм жауынгердің әжесі Күлмайда Туғанбаева.
Еске салсақ, Алматыда әскери оқу-жаттығу кезінде жауынгер Алмас Шәкімов қаза тапты. Ол дауыл басталған кезде бірнеше сарбазды қауіпсіз жерге шығарып, басқаларға көмектесуге бара жатқанда ауыр жарақат алған.