Тоқаев Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау – Ереван – Ақтау бағыты бойынша әуе рейстерінің іске қосылуын оң бағалады
Sputnik
АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.
Әңгімелесу барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара байланыстарды нығайтуға белсенді саяси диалог және екі мемлекеттің үкіметтері мен парламенттері деңгейіндегі ықпалдастық септігін тигізетінін айтты. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау – Ереван – Ақтау бағыты бойынша әуе рейстерінің іске қосылуын оң бағалады. Соның нәтижесінде бизнес-байланыстар мен туристік сапарлар айтарлықтай жандана түсті.
Тараптар перспективті бағыттардағы, соның ішінде көлік, логистика және сауда салаларындағы қарым-қатынастарды одан әрі арттыру мәселесін талқылады.