АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. Ашық суда жүзуден өткен "Oceanman" халықаралық жарысында топ жарып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған елордалық Алпамыс Әмір елге оралды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тайланд елінің Пхукет қаласында өткен байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен барған 70 елдің спортшылары бас жүлдеге таласты. Жиырма жылдан бері үздіксіз өткізіліп отырған халықаралық жарысқа Қазақстан атынан елордалық Алпамыс Әмір қатысты. Нәтижесінде жерлесіміз 2 шақырымдық қашықтықта Іnspiration санаты бойынша қарсылас шақ келтірмеді.
"2 шақырымдық Inspiration санатында елордалық мектебіміздің спортшысы чемпион атанды. Алпамыс Әмір "Барыс" спорт кешенінде аптасына 6 рет жаттығады. Әлем чемпионатына сәуір айынан бастап тыңғылықты дайындалды. Еңбек пен төзімділік өз жемісін берді. Спортшымызбен мақтанамыз. Спорт даму ерекшелігіне қарамастан, барлығына ортақ екендігі қуантады", - деді Интеллектуалды даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының президенті Дина Темірғалиева.
Жерлесімізді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, спортшының туған-туыстары, жанкүйерлері мен спорт саласының өкілдері қуана қарсы алды.