АСТАНА, 7 желтоқсан - Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы "Нұр-бесік" шағын ауданының мәселесін көтерді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
"Нұр-бесік" шағын ауданында (Көктал-1 елді мекені) 200-ден астам үй орналасқан. Мұнда мыңнан астам адам өмір сүреді. Бұл шағын ауданда қала тұрғындары 2007 жылдан бері тұрып жатқанымен, 16 жылдан бері үйіне құқық белгілейтін құжаты болмаған.
Сол себепті олар өз үйіне тіркеле алмаған. Осылайша олардың емдеу мекемесіне тіркелуіне, балаларын балабақшаға, мектепке және т.б. беруіне мүмкіндігі болмады. Олар достары мен туыстарының үйіне тіркелуге мәжбүр болды.
"Нұр-бесік" шағын ауданының тұрғындары жер учаскелерін заңдастыру мәселесін бізбен өткен кездесулерде бірнеше рет көтерді. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, техникалық мәселелердің бәрі шешілді. Қазіргі уақытта тұрғындарға құқық белгілейтін құжаттарды беру рәсімі жүріп жатыр. Енді оларды ресми түрде елорда тұрғыны деп айтуға болады және өз үйіне тіркеле алады”, -деп жазды әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әкімнің айтуынша, шағын ауданды абаттандыру: сумен жабдықтау, су бұру, нөсер кәрізі, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және т.б. инженерлік желілердің құрылысы бойынша жұмыс аяқталды.
"Сол сияқты көшелерге асфальт төселді, жарықтандыру бағаналары, 3 аялдама, интернет орнатылды, т.б. Біз қаланың елді мекендерін дамытуды ары қарай жалғастырамыз", - деп жазды Қасымбек.