АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мектептер мен университеттерде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Саясат Нұрбек
© Sputnik / Владислав Воднев
Саясат Нұрбектің айтуынша, жоғары оқу орындарында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақты.
"Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының 8 мыңға тарта студенті медициналық көмекке жүгінді. Соның ішінде 200-300 адам ғана қызылша жұқтырды деген күмәнмен барған. Сол себепті күрделі эпидемиологиялық ахуал жоқ. Біз денсаулық сақтау министрлігімен, бас санитарлық дәрігермен тығыз байланыстамыз", - деді ғылым және жоғары білім министрі үкіметте өткен брифингте.
Ол жіті респираторлық вирустық инфекция өршіп тұрғанын, бірақ қызылша жұқтырған студенттер саны өте аз екенін атап өтті.
Ғани Бейсембаев
© Sputnik / Владислав Воднев
Сондай-ақ оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та мектептердегі эпидахуалға түсініктеме берді.
"Әкімдіктермен және оқу-ағарту министрлігімен тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Әзірге денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бұл бағытта белгілі бір шешім жоқ. Біз олармен тұрақты байланыстамыз", - деді Бейсембаев.
Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарында карантин жариялау туралы шешім қабылданбаған.