АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде қосылған құн салығы үшін қазақстандықтарға өтемақы берілетіні туралы ақпарат тарап жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұның жалған екенін мәлімдеді.
Тағайындалған өтемақыны аудару үшін белгісіз азаматтар сілтемеге өтуді ұсынады.
"Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз", - деді еңбек министрлігіндегілер.
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен СМС-хабарлама арқылы таратылады.
Ведомство азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады. Жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланады.
Айта кетері, ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап қосылған құн салығын 12 проценттен 16%-ке дейін көтеруді ұсынды. Соның арқасында бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түседі деген жоспар бар.
Алайда "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы бұл бастамаға қарсы. Бизнесмендердің пікірінше, салық ставкасы өссе, тауарлар мен қызметтер қымбаттайды, халықтың сатып алу қабілеті мен тұтынушылық сұраныс төмендейді.