АрселорМиттал тәртіпке неге бағынбады – бас прокурор негізгі себебін атады

Заңда ірі кәсіпорындар үшін қатаң жаза қарастырылмаған. Жұмысшылардың еңбек құқығын бұзғаны үшін ескерту жасалады, әрі кетсе 500 мың теңгенің айыппұлы салынады
Sputnik
АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Бас прокурор Берік Асылов Костенко шахтасындағы трагедияға байланысты депутаттық сауалға жауап берді. Мәжілісмендер еңбек қауіпсіздігі мәселесін тағы көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде Костенко шахтасындағы апатқа байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы, 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша тергеу жүріп жатыр. Бас прокуратура оны бақылауда ұстап отыр.
Бас прокурордың айтуынша, мұндай трагедиялар біріншіден жауапты адамдардың қауіпсіздік мәселесіне атүсті қарауынан болып жатады. Бұдан бөлек, заңда ірі кәсіпорындар үшін қатаң жаза қарастырылмаған. Мәселен, жұмысшылардың еңбек құқығын бұзғаны үшін ескерту жасалады, әрі кетсе 500 мың теңгенің айыппұлы салынады.
"Ірі бизнес үшін бұл түк те емес, сол себепті "тәртіпке салудың" ондай тәсілдерінен нәтиже жоқ", - дейді Асылов.
Мемлекеттік бақылау шаралары да жеткіліксіз. Заңда жұмысшылардың жарақат алуы және қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері тіркелген кәсіпорындарды жыл сайын тексеру нормалары жоқ. Қазіргі кезде мәселе үкіметте қаралып жатыр. Бас прокуратура оның бәрін талқылауға дайын.
Айта кетері, 28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан жарылып, салдарынан 46 кенші көз жұмды. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды. 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Костенко шахтасындағы апат: Димаш 20 отбасына ақша аударды