АСТАНА, 3 желтоқсан – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері екі күн бұрын жоғалған 4 жасар баланың денесін тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары іздеу шаралары кезінде жақын маңдағы аумақтар мен тұрғын үйлерді аралап шықты. Қараусыз қалған үйлер, арықтар және кішкентай бала барады деген басқа да орындар тексерілді.
"Үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде, 3 желтоқсан күні түстен кейін 4 жасар баланың денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан табылды. Баланың денесін медициналық сарапшылар тексереді, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері табылмады", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Полиция департаменті мен прокуратура басшылығы да келді. Мамандар осы оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
Айта кетері, Түркістан қаласының полициясына баланың жоғалғаны туралы хабарлама 1 желтоқсан күні кешкі уақытта келіп түсті. Жергілікті тұрғын ойнауға шыққан ұлының үйге қайта оралмағанын жеткізген. Жоғалған баланы іздеуге полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары, сондай-ақ Ұлттық ұланның құтқарушылары мен әскери қызметшілері жұмылдырылды.