АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Көлік министрлігі ақылы автожолда төлем жасамағандарға қанша айыппұл салынатынын мәлімдеді.
Министрліктің автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті ақылы жол учаскесімен жүру ақысын күнтізбелік 7 күн ішінде төлеу қажет екенін еске салды. Әйтпесе 8-ші күні "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодекстің 628-бабына сәйкес жол ақысын төлемеген жағдайда әкімшілік айыппұл есептеледі.
"Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері – 5 АЕК (2023 жылы 17 250 теңге), ал заңды тұлғалар үшін – 10 АЕК (34 500 теңге) құрайды. Әкімшілік жауапкершіліктің алдын алу үшін автокөлік иелері мен жүргізушілер ақылы автомобиль жолымен жүру ақысын уақтылы төлеуі қажет", - делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, төлем жасаудың 20-дан астам әдісі қарастырылған. Атап айтқанда, QAJ mobile мобильді қосымшасы, Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, Forte Bank арқылы және тағы басқа.
Сонымен бірге министрлік берешегі бар көлік иелерін тарифке сәйкес қарыздарын өтеуге шақырды.