АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Үкімет көптен бері көтеріп жүрген бастамасын іске асыруға кірісті. Әкімдіктер жүргізетін баспана кезегі заң бойынша Отбасы банкіне ауыстырылады. Ал банктің өзі ұлттық даму институтына айналады.
Sputnik Қазақстан баспана кезегі қаржы ұйымына берілгеннен кейін қандай өзгерістер болатынын, ал, ең бастысы, бұның бәрі пәтер алатындардың санына қалай әсер ететінін зерделеп шықты.
Әрбір отбасының цифрлық портреті жасалады
Жақында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заң жобасын таныстырды. Оған сәйкес, әкімдіктер жүргізетін баспана кезегін Отбасы банкіне ауыстыру жоспарланып отыр. Ол үшін қаржы ұйымының негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Ал банктің өзі ұлттық даму институтына айналады.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының ақпараттық базасы да болады. Ол мемлекеттік органдармен интеграцияланады. Соның нәтижесінде әрбір адамға қатысты толыққанды ақпарат жиналады.
"Барлық азаматтар белгілі бір санаттарға жататынына қарамастан, есепке тұра алады. Әрбір өтінім бойынша отбасының цифрлық портреті жасалады. Онда кірістер, мүлік, активтер туралы ақпарат болады, бұл мұқтаж азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамаларын толық ескеруге мүмкіндік береді", - дейді банк мамандары.
Заң жобасының тағы бір талабы – баспана кезегін тоқсанына кемінде бір рет түгендеу. Бұл дегеніміз, әрбір адамға қатысты ақпаратты жаңартып отырады.
Қазіргі кезде республика бойынша 646 мың адам баспана кезегінде тұр. Бірақ олардың барлығы Отбасы банкіне ауыстырылмайтын сияқты. Себебі біразын кезектен шығарып тастайды.
Отбасы банкіне қанша адам беріледі
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның ішінде 232 мың үміткер талапқа сай емес. Сол себепті баспана кезегінен шығарылатын болады.
Талапқа сай келмейтіндер:
96,1 мыңының соңғы 5 жылда тұрғын үйі болған;
533 адамның Қазақстан азаматтығы жоқ;
91,4 мың азаматтың тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірімен сәйкес келмейді;
29 мың адамның тіркелу орны жоқ;
15,6 мыңы - қайтыс болғандар.
Министрдің айтуынша, бұрын жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты тиімсіз жүргізген.
"Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Осы жылдың 1 тамызынан осы күнге дейін кезекте тұрған 21 607 адам тізімнен шығарылды",-дейді Шарлапаев.
Соңғы бес жылда үйі болған 96 мың адам да баспана кезегінен толығымен шығарылады. Осылайша, қазіргі кезек кем дегенде 117 мың адамға азайды. Осыдан кейін Отбасы банкіне беріледі.
Жұмыс жүйелі жүргізіледі
Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың айтуынша, баспана кезегін бір ұйымға берген дұрыс. Соның арқасында әлеметтік санатқа кіретін азаматтарға баспана беру жұмысын бір жүйеге келтіруге болады.
"Шыны керек, баспана кезегі бір жерде болса, адамдар ары-бері шапқылап жүрмейді. Сол банкке ғана барады да, кезекке тұрады. Сосын өз кезегін бақылап отырады. Жалпы, осы жұмысты жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік болады", - деді Мүсірепов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Баспана кезегі Отбасы банкіне берілсе де, пәтер алатындардың саны күрт өспейді. Себебі бүгінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша барлық тұрғын-үй әкімдіктердің тапсырысымен салынады.
"Негізі, баспана кезегі бойынша берілетін үйлердің барлығы мемлекеттік бағдарламамен салынады ғой. Ал ондай бағдарламалар бойынша жыл сайын пәтерлердің белгілі бір саны ғана пайдалануға беріледі. Сондықтан кезекте тұрғандардың барлығын бірден баспанамен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сосын сан алуан өмірлік жағдайларға байланысты адамдар кезекке тұра береді. Бұл мәселе екі-жылда шешілмейді. Мысалы, менің бір танысым кезекте 10 жыл тұр, үйін әлі алмапты", - деп атап көрсетті Мүсірепов.
Баспана қалай беріледі
Бұдан былай баспана адамның кезекке тұрған жылына қарай берілуі керек. Мысалы, біреулер кезекке 2010 жылы тұрса, олардың барлығы үй алып болғаннан кейін ғана 2011 жылы кезекке тұрғандарға пәтер беріледі.
"Бұған қоса ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Осылайша, тұрғын үйді есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматтарды әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді", - дейді министр Шарлапаев.
Оның айтуынша, заң жобасына жалдамалы пәтерлерді сату шаралары енгізілді. Оны қабылдаса, үйді жалға алып отырған адамдар оны баланстық бағамен жеке меншікке сатып ала алады.
Заңда тағы қандай өзгерістер бар
Баспана кезегінде тұрған азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында заң жобасы аясында қосымша шаралар қарастырылған.
Олар:
жетім балалар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды асырып отырған отбасылардың балалары кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда олардың кезегін сақтау;
мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдардың есебінен бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету;
тұрғын үйді үлестіру кезінде мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қосымша бөлме бөлу көзделген.
Бүгінде баспана кезегінде үй алуға құқығы басым азаматтар да бар. Мәселен, ҰОС ардагерлері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар. Олар кезекке тұрған күніне қарамастан баспананы ала береді.
"Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары (1 және 2 топтағы мүгедек жандар, мүгедек баласы бар отбасылар, жесірлер) арасында наразылық пен әлеуметтік шиеленіс тудырады", - дейді Шарлапаев.
Сондықтан бұл басымдықты алып тастау ұсынылып отыр. Сонда халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ түрде бөлуге мүмкіндік болады. Сосын министрлік соңғы 5 жылда баспананың болмауына қатысты талаптың мерзімін 10 жылға дейін ұзартуға ұсынып отыр. Бірақ кейбір депутаттар осы екі түзетуге қарсы. Сондықтан екінші оқылымға дейін заң жобасына тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Баспана кезегімен үйді қалай алуға болады
Қазіргі кезде баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтер алудың екі жолы ұсынылады. Олар – жалдамалы баспана немесе жеңілдетілген ипотека. Ипотекаға 1,5 миллион теңге мөлшерінде бастапқы жарнаны төлеу үшін өтеусіз тұрғын үй сертификатын да алуға болады. Ал жалдамалы пәтерлер бес жылға ғана беріледі. Әзірше ондай баспананы жекеменшіке сатып алуға рұқсат жоқ.
Бүгінде Отбасы банкі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеуге кірісті. Осыған байланысты әлеуметтік пәтерлер де жаңа әдіспен үлестіріледі.
Мәселен 2 проценттік ипотека баспана кезегіне тұрған бірнеше санатқа ғана беріледі.
Олар:
I және II топтағы мүгедектер;
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар;
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша осы төрт санатпен 227 мың адам баспана кезегінде тұр.
Баспана кезегінде тұрған басқа азаматтар 5 проценттік кредитке өтініш бере алады. Олар – қандастар, толық емес отбасылар, жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратындар және тағы басқа адамдар. Тұжырымдаманың тағы бір тиімді тұсы – барлық санат бойынша кіріске шектеу жоқ. Ипотеканың ең жоғарғы сомасы да шектелмейді.
Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы негізге алынады. Әлеуметтік пәтердің максималды ауданы – 80 шаршы метр. 2 және 5 проценттік ипотеканың ортақ шарты - алғашқы жарна. Оның көлемі 10 процентті құрайды. Ипотеканың мерзімі – 20 жыл
Баспана кезегіне тұру тәртібімен мына жерде танысуға болады.