Дерекқор

Баспана кезегіне тұру үшін не істеу керек

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2023
Жазылу
Кезекке тұру туралы өтінішті қарау мерзімі – 15 жұмыс күні. Осыдан кейін ұялы телефонға 1414 нөмірінен SMS хабарлама келеді
АСТАНА, 31 тамыз – Sputnik. Қазақстанда үйі жоқ азаматтар баспана кезегіне тұра алады. Бірақ оған кез келген адамды тіркей бермейді. Бұрын әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандарға тегін үй берілсе, қазір ондай жеңілдік жоқ. Алайда Отбасы банктен тиімді шарттармен ипотека алуға болады. Ал оған ақша жетпесе, сатып алу құқығынсыз жалдамалы үй ұсынылады. Sputnik Қазақстан үй кезегіне тұру тәртібін ұсынады.

Кез келген адам баспана кезегіне тұра алмайды

Заң бойынша төмендегі санаттар ғана баспана кезегіне тұрады:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, оларға теңестірілген азаматтар;
I және II топ мүгедектері;
мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар (тізімі мына жерде);
жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандар;
қандастар;
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;
көпбалалы отбасылар;
мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым қызметшілері;
жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар;
толық емес отбасылар;
экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған азаматтар.
Бірақ зейнеткер немесе көпбалалы отбасы болу жеткіліксіз, тағы бірнеше талап бар. Атап айтқанда, кезекке тұратын адамдардың атында үй болмауы шарт.
Негізгі шарттар:
мемлекеттік жалдамалы үйде тұрмау;
Астана, Алматы мен Шымкенте қалаларында кем дегенде 3 жыл тұру;
уақытша емес, тұрақты тіркеуде болу.
Дегенмен үйі бар кейбір азаматтар баспана кезегінде тұра алады. Мәселен, отбасы тұрып жатқан үй санитарлық және техникалық талаптарға сай болмаса, сосын біріккен оқшауланбаған тұрғын бөлмелерде екі және одан да артық отбасы тұрған жағдайда баспана кезегіне тұруға болады. Сондай-ақ кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын науқастар болса, тағы бір баспанаға алу үшін үй кезегіне тіркелуге мүмкіндік беріледі.

Кезекке онлайн тұруға болады

Баспана кезегінде тұру үшін өтініш қана жіберу керек. Оны eGov порталы немесе kezekte.kz сайты арқылы жолдауға болады.
Электронды үкімет порталында баспана кезегіне өтініш жіберу тәртібі:
1.
Порталда авторизациядан өтіп, "Онлайн сұратым" батырмасын басу;
2.
Өтінімді толтыру және ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) немесе смс-пароль (міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркелу керек) арқылықол қою;
3.
Өтінімге құжаттарды қоса тіркеу;
4.
Жеке кабинетте ("Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде) өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысу.
Кезекке тұру туралы өтінішті қарау мерзімі – 15 жұмыс күні. Осыдан кейін ұялы телефонға 1414 нөмірінен SMS хабарлама келуі керек.

Баспанаға мұқтаждар саны артты

Биыл республика бойынша баспана кезегінде тұрған адамдардың саны 647 мыңнан асты. Бірақ олардың арасында заң талаптарына сай келмейтін азаматтар да аз емес.
96,1 мың адамда соңғы бес жылда үй болған;
533 адам Қазақстан азаматы емес;
91,4 мың адамның тіркеу орны кезекке тұрған аймақпен сәйкес келмейді;
29 мың адамда тіркеу жоқ;
15,6 мың адам базада қайтыс болғандар болып тіркелген.
Осылайша баспана кезегінде тұрған 232 мың адам заң талаптарына сай емес болып шықты. Оларды кезектен шығарып тастайды.
Дегенмен баспана кезегі бойынша үйлер баяу үлестіріледі. Біріншіден, әлеуметтік тұрғын үйлер аз салынады. Екіншіден, заңсыз үй кезегіне қою әрекеттері тыйылмай отыр. Мәселен, "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру кезінде шенеуніктер жүздеген үйді заңсыз өз адамдарына берген. Ондай заң бұзушылықтар Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Павлодар және тағы басқа облыстарда тіркелді.

Баспана кезегінен не үшін шығарып тастайды?

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 73-бабына баспана кезегінен алудың нақты себептері көрсетілген. Олар:
тұрғын үйді ұсынуға негіз болатын жағдайлардың жойылуы;
басқа елді мекенге тұрғылықты жерге көшу немесе мемлекеттік кәсіпорыннан немесе мемлекеттік мекемеден жұмыстан шығып кету;
ұсынылған ақпараттың шындыққа сай болмауы;
жер учаскесін алу, үй салу немесе тұрғын үйді сатып алу.
сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу.
Кезектен алып тастау туралы шешім қабылданғаннан кейін 10 күннің ішінде жазбаша түрде хабар берілуі шарт. Онда нақты себептер көрсетіледі.
Жаңалықтар
0